Алтынай Исаева

Исаева Алтынай
  • Елді мекен: Алматы
  • Бизнес саласын таңдаңыз: Аспаздық

Қазіргі уақытта ешқандай іс-шара – туған күн, той, мерейтой немесе Жаңа жыл оларсыз өтпейді. Олар алуан түрлі, тіл үйіретіндей дәмді, қазіргі кезде тіпті пайдалысы да бар. Әрине, біз десерттер туралы айтып отырмыз, дастарханда десерт болса, достармен қарапайым кездесудің өзі мерекеге айналады.

Алматы – біздің басты мегаполис, бұл жерде тәтті торттар мен десерттер сатып алуға болатын дүкендер өте көп, сондай-ақ кондитерлік франшизалар да кең тараған. Қанша адам болса, сонша көзқарас бар емес пе! Біреу дүкеннен дайын фирмалық торт сатып алғанды ұнатады, ал біреу торттың тапсырыспен жасалғанын қалайды. Қазіргі таңда үйде жасалған өнімдердің танымал бола бастағаны қатты қуантады, себебі үйде жасалған торттар өте дәмді және үлкен сұранысқа ие.

Өз цехыңды ашу үшін кондитерге үйрену керек пе? Хобби мен ұнататын ісіңді өмірлік кәсібіңе айналдыруға бола ма? Кәсіпкер болу үшін жас маңызды ма?

Алтынай Исаеваның оқиғасы өз ісіңе деген шексіз сүйіспеншілік пен сенім мақсатқа жетудің басты шарттары екенін дәлелдеп отыр.

Өзім туралы

Менің атым Алтынай, мен 25 жастамын, мамандығым – аудармашы- синхронист, ал іс жүзінде кәсіпкер-кондитермін, 5 жылдан бері менің хоббиім өмірлік кәсібіме айналды.

Кондитерлік жолымды 19 жаста әпкеммен бірге бастадым, әпкем тұрмысқа шыққаннан кейін бұл кәсіпті жалғыз жалғастыруыма тура келді. Басында туыстарымыз бен достарымызға тапсырыспен пісірдік, содан кейін 3 жылдың ішінде менің кондитерлік үйім пәтеріме симайтындай ауқымға жетті. Әрине, ұзынқұлақ пен Инстаграмның көмегі көп болды. «AAbakery» жеке брендке айналды, мен бұған ерекше қуанамын.

Ол кезде "таргет, раскрутка, гив" деген түсінік болмады, парақшамызды өз күшімізбен жарнамаладық. Бастапқыда мен өзім әзірлеген торттардың, десерттердің суретін салып отырдым, осылайша көп клиент жинап алдық. Бұл жерде ең бастысы – бизнес парақшаны жүргізу кезіндегі тұрақтылық, әрине, сапалы жұмыс. Біздің өнімдерімізді көбінесе балалар тұтынатындықтан, пайдаланылатын өнімдердің сапасына, балғындығына көп мән береміз.

Цехтың ашылуы туралы

Жоғарғы оқу орнын аяқтағаннан кейін барлық уақытымды кондитерлік кәсіпке арнағым келетінімді түсіндім. Туыстарымның, нақты айтатын болсам әпкелерімнің және жезделерімнің көмегімен шағын сату аймағы бар цех аштым. Бірінші жыл қиынға соқты, тапсырыс көлемі күн сайын артып отырды, бірақ мықты команда құру оңай болмады. Дегенмен клиенттердің жағымды пікірлері, жақындарымның қолдауы, өз ісіме деген сүйіспеншілік бастаған ісімді жалғастыруға қатты ынталандырды.

Бір жылдан кейін аяғымызға нық тұрдық: команда үйлесімді жұмыс істеді, тапсырыстар күнде түсіп жатты, мен біртіндеп кондитерлік қызметтен басқарушылық қызметке ауыса бастадым. Мен барлығын процесс барысында үйрендім, алдында бұл менің хоббиім ғана болатын, ешкім қатты мән бермейтін, дегенмен тағдыр бұны менің өмірлік кәсібіме айналдырды. Тәжірибеме сүйеніп айтарым, өз ісіңе барлық жан-тәніммен және сүйіспеншілікпен қорықпай кіріссең, көп жетістікке жетуге болады.

«Тәтті» бизнеске сұраныс ешқашан толастамайды деп есептеймін, себебі біздің мақсатты аудиториямызға балалар да, ересектер де кіреді. Оған қоса туған күндер, кәсіби мерекелер, халықаралық мейрамдар және т.б. шаралар тәттілерсіз өтпейтінін білесіздер. Дегенмен біздің ерекше әрі басты клиенттеріміз – балалар, себебі тәтті тағамдар бабалар мерекесінің ажырамас бөлігі болып табылады.

Мінсіз команда және еңбек ұжымындағы жағдай туралы

Қызметкерлеріңізге сену және оларды ынталандыру, олардың даралығын мақтау және мадақтау өте маңызды. Біздің ұжымда барлығы бір отбасының мүшелеріндей болып кеткен. Мен жұмыста жайлы атмосфераның болуын қадағалаймын, ешкім ешкімге дауыс көтеріп сөйлемейді, ұрыспайды, себебі уақытымыздың көп бөлігі жұмыста өтеді, ал бұл уақыт тек қуанышқа айналуы керек. Мүмкін, осының бәрі мықты әрі тату-тәтті команданы құруға септігін тигізген болар.

Сол үшін барлығына әмбебап кеңес: жұмысыңызды басқа біреуге тапсыра біліңіз, қызметкерлеріңізге сенім артыңыз, «мұны менен артық ешкім істей алмайды» деп ойлау қате.

Болашақ туралы

6 жыл бұрын осы кәсіпті бастаған кезде кондитерлер аз болатын, қазір кондитерлік өнер бойынша шеберлік класы көптеп өткізілетіндіктен, бұл өнердің қыр-сырын меңгерген мамандар аз емес. Сондықтан біздің нарықта лайықты кондитерлер көп деп сеніммен айта аламын. Дегенмен әрбір кондитердің өз клиенті бар, сондықтан біз бәсекелестіктен қорықпаймыз. Бәсекелес ортада жұмыс істеген тіпті қызық, себебі сапа мен деңгейді төмендетуге болмайтынын білесің.

Кәсібін жаңадан бастап жатқан кондитерлерге айтарым: шикізат пен білімге ақша аямай, өте сапалы өнім жасауға тырысыңыз, сонымен қатар сервиске үлкен мән беріңіз, біздің нарықта таңдау өте көп, сондықтан «тәттілер» әлемінде үздік болғыңыз келсе,

өте сапалы өнімдер пайдаланыңыз, әрине, ең басты ингредиент – ол махаббат!

Қазір мен Нұр-Сұлтан қаласында тұрамын, бұл жерде аспаздық өнімдер сататын шағын маркетіміз бар. Бастапқыда кондитерлік цех ашамыз деп ойлаған едік, бірақ пандемияға байланысты жоспарларымыз өзгеріп, біз аспаздық саласына ауыстық.

Жақын арада кондитерлік өндірісті іске қосып, бас қаламызды десерттерімізбен және махаббатымызбен жаулап аламыз деген ойдамыз.

Өтінім сәтті жіберілді
Сіздің сұрағыңыз сарапшыға жіберілді
Сіздің бизнес карточкаңыз модерацияға жіберілді. Тексеруден кейін поштаңызға хабарлама келеді.
Түсінікті
Ваша карточка бизнеса отправлена на модерацию. После проверки Вы получите уведомление на почту.
Түсінікті
Сіздің өтініміңіз модерацияға жіберілді және модератор тексергеннен кейін белсенді болады. Ол туралы поштаңызға хабарлама келеді
Сіздің өтініміңіз модерацияға жіберілді, модератор тексергеннен кейін деректер жаңартылады. Ол туралы поштаңызға хабарлама келеді
Captcha қателігі. Парақшаны қайта жүктеп, әрекетті қайталап көріңіз