Тогжан Бабиева: «Бізге өз шығармашылығымызбен патриотизм рухын оятып жүргенімізді жиі айтады»
«Текемет» шығармашылық шеберханасы – панно мен картиналарды, шежірелер мен тұмарларды ұлттық стильде жасайтын Қазақстандағы бірегей брендтердің бірі. Осы бір шығармашылық процестің авторлары және қозғаушылары – Салтанат Куспаева мен Тогжан Бабиева - өздерінің эксклюзивті технологиялары бойынша жұмыс істейді. Қолөнершілер сонау студенттік кездерінен бері таныс, олардың достығына 23 жыл, ал ортақ істеріне 7 жыл болған. Біз Тогжан Бабиевамен сөйлесіп, қос құрбының қалайша сүйікті істі нағыз өнерге айналдырып, одан ақша таба бастағанын білдік.
Өзіңіз жайында және «Текеметті» құру идеясының қалай пайда болғандығы туралы біраз айтып беріңізші.
Біздің «Текемет» шеберханамыз шығармашылық дуэт болып саналады. Оның өкілі біз - Тогжан Бабиева мен Салтанат Куспаева. Барлығы баяғыда басталған. Біз университетте бірге оқыдық, содан бері бізге бірігіп жұмыс істеген ыңғайлы, әрі қызықты екенін түсіндік.
Университеттен кейін біз ЖОО мен колледжде сабақ бердік. Кейінірек жарнама агенттігін ашуды ұйғардық. Бұл айтарлықтай сәтті жоба болды. Алайда бұл жұмыстан біз қатты шаршайтын едік. Жарнамалық құрылымдар, жарық қораптарын, көлемді белгілер, стендтер жасадық. Негізінен бұл ерлердің жұмысы болды. Сол кезде Салтанат Италияға баруды жоспарлап қойған болатын. Біз қабылдап отырған елге сыйлық ретінде картиналарды арнайы жасадық. Біз итальяндықтардың өзіміз жасаған картиналарды қандай таңданыспен және қуанышпен қарсы алғанын көргенде, өзіміздің жаңа және ерекше нәрсе жасай алатынымызды түсіндік. Осылайша біз ұлттық нақышта, әртүрлі материалдармен тәжірибе жасауды жөн көрдік.
Осылайша, жарнама саласында оқытуда және жұмыс істеуде тәжірибеміз бар біз шығармашылықтағы эксперименттерге дайынбыз деген ойға келдік. Міне осылай «Текемет» шеберханасын құрдық.
Неліктен шеберхананың атауы ретінде осы сөзді таңдап алдыңыздар?
Біз атауын ұзақ ойластырдық. «Текемет» бірден жанымызға жаға кетті, өйткені ол бұрын әрбір үйден табылған халық шығармашылығының бұйымы болды. Ол қалыңдықтың жасауына арнап дайындалды. Оған өрнектер салынып, олардың әрқайсысының өзіндік бір мағыналық маңызы болды. Біз өз шығармашылығымыздың әр үйдің төрінен орын алып, ата-бабаларымыздың үйіндегі ежелгі текеметтер секілді жақсы ниетті болуын қаладық.
Сіздердің алғашқы тапсырыстарыңыз қандай болды?
Алғашқы тапсырыс берушіміз кіші жүздің Адай руынан шыққан адам болды. Ол өзінің барлық туыстарына арнап ру таңбасы бар шежіренің он картинасына бірден тапсырыс берді. Осы күнге дейін бізге қоңырау шалып, жаңа тапсырыстар жасап жүреді. Мен білсем, ол біз жасаған картиналарды барлық туыстары мен достарына сыйға тартып шықты.
Бұйымдарыңыз жайында айтып бересіз бе? Олардың қайсысы көп сұранысқа ие?
Біз жұмыс істейтін техниканы өзіміз ойлап таптық. Қазір авторлық құқықты рәсімдеп жатырмыз. Біз әртүрлі материалдарды қиыстырып, машина және қол жұмысының коллаборациясын жасаймыз. Нәтижесінде бұйымдар аса күрделі, қайталанбас түрге енеді.
Біз шығармашылық картиналарды көрмелерге арнап сақтауға тырысамыз, ал бәрінен көп тұмарлар сатып алынады. Әрбір тұмардың ішіне біз Құраннан алынған сүрелерді, баталарды, ізгі тілектерді салып қоюы үшін бойтұмар жасаймыз.
Кең танымал тапсырыс – бұл шежіре, оған біз жеті ұрпақты, барлық ата-бабалардың есімдерін, әрбір отбасы руының генеалогиялық құрылымын бейнелейміз. Осының бәрін түпнұсқа түрінде ұсынамыз. Біздің шежірелерімізге еліміздің барлық өңірлерінен тапсырыс беріп жатады.
Сіздердің бизнестеріңізде қандай қиындықтар болады?
Ең алдымен, материалдар жағынан қиындықтар болып тұрады. Олардың құны күн санап қымбаттап келеді, пандемияның салданынан баға 100%-ға дейін өсті. Қазір кейбір материалдарға қол жеткізіп, оны Қазақстанға әкелу мүлдем қиын. Қажетті материалдарды Ресейден және басқа да елдерден іздейміз.
Сондай-ақ, кадрлар тұрғысынан да қиындықтар бар. Қазір «Сәндік өнер», «Қолөнер» мамандықтары бойынша факультеттер мен кафедралар жабылып жатқан кез. Тек бізде Оралда ғана емес, Алматы университеттерінде де осы жағдай. Біз бұл мамандықтарға сұраныстың жоқтығын естідік. Мұның бір ғана себебі бар– адамдар мұның қаншалықты қызықты және пайдалы іс екенін түсіне бермейді деп ойлаймыз.
Сіздердің командаларыңызда неше адам жұмыс істейді?
Шеберханамызда екі жалдамалы қызметкер – станокта тұратын оператор мен суретші жұмыс істейді. Негізгі авторлар мен суретшілер өзіміз болып табыламыз.
Бір тапсырысты орындау қанша уақытты алады?
Біздегі технология күрделі болғандықтан біз әр картинамен шамамен бір апта жұмыс жасаймыз. Әрине, одан көп күш пен уақытты қажет ететін үлкен тапсырыстар да болады. Кейбір тапсырыстарды 10-15 күннен жасаған болатынбыз.
Қазір қоғамда ежелгі дәстүрлерге деген көзқарас қандай деп ойлайсыз?
Бұрын Астана, Алматы, Атырау, Ақтөбе қалаларына барып жүрген кезімізде адамдардың өнерге, дәстүрге деген қызығушылығы зор екендігін сезетінбіз. Кей-кейде бұл шартты түрде болатын, алайда адамдардың мұның бәрін балаларына бергісі келетіні сезіліп тұратын.
Екі жыл бұрын өрт болып, салдарынан топтамаларыңыз өртеніп кеткен болатын. Бұл қалай болды?
Ия, сол бір өрт - біздің тарихымыздың қиындыққа толы парағы. Ол орын алған кезде Салтанат екеуміз Стамбулда болатынбыз. Бұған дейін қаланың тарихи бөлігіндегі үй-жайды жалға алып отырғанбыз. Біздің шығармашылығымыз да, қаладағы басқа қолөнершілер шығармашылығы да ұсынылған шоурум жасағымыз келді. Алайда арманымыздың тас-талқаны шықты. Өрт сымдардағы ақаудан шықты, бірақ оны сотта ұзақ уақыт дәлелдеуімізге тура келді, өйткені жалға беруші бізден келтірілген залал үшін бірнеше миллион алуды көздеді. Ақыр соңында, біз сымдарды жалға берушінің тартқанын дәлелдеп шықтық. Соттың істі қарауына байланысты жүйкеміз тозды, осыдан кейін қайтадан қалыпқа келуіміз қиынға соқты, алайда біз еңсере білдік.
Сол жылы, орын алған сәтсіз оқиғаға қарамастан, сіздер Санкт-Петербургтегі халықаралық жәрмеңкеде болып қайттыңыздар...
Ия, өрттен кейін екі ай өткен соң, біздің толыққанды көрмемен Санкт-Петербургке баруымыз керек еді. Біздің барлық жұмысымыз жанып кеткен болатын. Ол кезде біз бір қателікке жол бердік – жан қиналысы үстінде жүріп, өртенген барлық картиналарды лақтырып тастадық. Бағалау жасап, заңгерлерді тартуымыз керек еді. Алайда біздің шығармашылық күш-жігерімізді жоғалтқымыз келмеді, естен шығаруды ұйғардық. Сол кезеңде біз азып-тозғанша жұмыс істедік, барлық жұмысты қайтадан жасадық. Жаңа топтаманы жасап үлгердік, көрмеге барып, ол жерде біздің шығармашылығымызды лайықты түрде ұсына білдік.
Сіздердің Қазақстан Қолөнершілер одағы мен Дизайнерлер одағының мүшелері болып табылатындарыңызды білеміз. Олардың мақсаты неде?
Біз бұл одақтарға төрт жыл бұрын кірдік. Қолөнершілер одағының қызметі дәстүрлі қолөнерді жаңғыртуға бағытталған. Бірақ біз жаңашылдар ретінде қызықты болып, басқа қатысушылардың жақсы реакциясын тудырдық. Екі одақ та бізге өткізілетін іс-шаралар жайында, дизайн мен қолөнердегі стильдер және бағыттар туралы көп ақпарат береді.
Бүгінгі таңда қолөнерге бұрынғыдан да мықты қолдау қажет, өйткені бізде қолөнершілер тағдыры өз қолдарына берілген. Тек астана мен Алматыда ғана емес, еліміздің барлық қалаларында қолдау танытылғанын қалар едік.
«Текеметтің» алдағы жоспарлары мен мақсаттары қандай?
Өкінішке орай, кейбір жоспарларымызды пандемия бәсеңдетіп қойды. Өткен жылы біз мемлекеттен грант ұтып алып, багет цехын іске қостық. Енді УК-баспа цехы мен зергерлік цехты іске қосуды жоспарлап отырмыз. Күміспен, әртүрлі тастармен эксклюзивті заттар жасамақпыз.
Болашаққа деген үлкен мақсаттарымыз бар. Мысалы, Батыс Қазақстан облысының қолөнершілері қауымдастығын құру, өңірдегі қолөнершілер қозғалысын дамыту үшін өзге де шеберлермен жұмыс жасау. Сондай-ақ, барлық республикалық қозғалыстармен интеграцияны дамытқымыз келеді. Үйретіп, тәжірибе алмасуды қалар едім. Осы тұрғыдан алғанда біз YouTube арнасын жасаумен, курстарды әзірлеумен айналысудамыз. Сонымен қатар, халықаралық ынтымақтастық нұсқаларын, түрлі халықаралық байқауларды іздеп жатырмыз.
Қазір панно, шежіре, тұмарлар арқылы біздің өткен шақ пен болашақ арасына көпір орнатқымыз келеді. Бізге біздің өмірге қажет, өзекті іспен айналысып жатқанымызды, өз шығармашылығымызбен патриотизм рухын оятып жүргенімізді деп жиі айтып жатады.