Алматылықтарды «Трансформа» кеңістігі шығармашылықтың нағыз еркіндігін көру мүмкіншілігімен ғана емес, қойылым кезінде көрермендерді тартуға немесе ол аяқталғаннан кейін бейресми жағдайда сөйлесуге мүмкіндік беретін ерекше форматымен де тәнті қылды. Ал осы жылы ол «Мәдениет саласындағы әлеуметтік кәсіпкерліктің үздік үлгісі» ретінде премия алды. Барлығы қалай басталды, «Трансформаның» болашаққа көзделген мақсаттары мен міндеттерді қандай және өз идеяларын жүзеге асыруға болатын жаңа орын таба алды ма – біз осыны «Трансформаның» директоры Анна Суворовадан білдік.
«Трансформа» кеңістігінің жасы нешеді? Неліктен ол осылай аталады?
«Трансформа» 2017 жылдың 21 қазанында ашылды, яғни биыл біз 4 жылдығымызды тойлаймыз және бесінші театр маусымын ашамыз. Біз оны қалай болғанда да ашатынымызға сенемін.
Өз жолымыздың басында бірнеше атау нұсқалары болды, бірақ біздің алаңымызда барлық нәрсе жасаушылардың сұранысына қарай өзгертіле алатындықтан, осы атауға тоқталдық. Бізде белгілі бір сахна, белгілі бір көрермендер залы жоқ. Шын мәнінде, режиссер black box-қа түседі де, қолдан жасай бастайды. Ол алаңда бар барлық құралдарды қолданып, барлығын өзі қалағанындай жасай алады. Кеңістік оны еш нәрсеге міндеттемейді, бәрі нақтылы жобаға қарай өзгере береді. Бұл көрермендер үшін де қызықты, өйткені әр жолы олар жаңа залға тап болғандай күйде болады емес пе. Жаңадан келген көрермендерді біз бірден тани қоямыз, әдетте олар: «Мына жерде орын жазылмаған, кез-келген жерге отыруыма болады ма?»-деген сұрақтарымен келіп жатады. Кейде олар отырудың да қажеті жоқ екендігіне таң қалады. Маған «Трансформа» деген атау біз жұмыс істейтін жағдайларды тамаша сипаттап тұрғандай болып көрінеді.
Барлығының қалай басталғанын айтып беріңізші.
Мен үшін «Трансформа» тарихы оның негізі қаланған сәттен әлдеқайда бұрын басталған болатын. Галина Корецкая («Трансформаның» негізін қалаушы – ред. ескерту) менің консерваториядағы ұстазым болды. Үшінші курста оқып жүргенімде-ақ мен өзім үшін аумақтарды, қала алаңдарын дамыту тақырыбы өте қызықты екенін түсіндім. Содан бұл менің дипломдық жұмысымның тақырыбы болды. Галина үшін сол кезде «Трансформаның» дамуымен байланысты оқиға өзекті болды, ол менің дипломдық жұмысымды оқып шығып, жұмысқа шақырды.
Мен күндердің күнінде театрмен байланысты боламын деп ойламадым. Мен үшін бұл мүлдем жаңа тәжірибе болды, менің заманауи театр жөнінде еш түсінігім болмады. Алайда Трансформа жасалып жатқан кезде, мен «Тәңірі - Ұмай» галереясында театр ашуға көмектесіп, тіпті продюсер ретінде пластикалық «фрИДа» қойылымын да шығарып үлгердім. Бұл менің алғашқы тәжірибем болды, ұжымның осы күнге дейін бар болып, ауқымы кеңейіп жатқанына қуаныштымын.
Премьерадан кейін мен бірден «Трансформадағы» жұмысыма кірісіп кеттім. Алдымен біз құрылысты аяқтадық, содан кейін өз жобаларын жасауға көптен ниет етіп, бірақ ондай мүмкіндіктері болмаған әртүрлі топтармен жұмыс істей бастадық. Алғашқы маусымда-ақ біз елуге жуық жаңа жобаға көмектестік. Бірінші жылы жалға алу ақысын төлемегендіктен, қаражат жинап, оны басқаларға сала алдық. Біз өзімізді мәдени кеңістік ретінде ғана емес, жобаларды іске асыруда көмек көрсететін продюсерлік орталық ретінде де көрсете бастадық. Біз біраз ақша жинадық та, #Сынама көрсетілім шағын гранттар бағдарламасын жасадық, оларды ұжымдарға өз идеяларын жүзеге асыру үшін беріп отырдық. Осылайша, мМысалы, Қазақстанда алғашқы бэби-театр пайда болды.
«Трансформа» - бұл бірегей кеңістік. Қазақстанда өзіңнің керемет идеяңды алып келіп, оны жүзеге асыратын басқа алаң жоқ. Егер ол расымен де лайықты болса, біз оны өмірге әкелу үшін бәрін жасаймыз.
Резиденттерді соларға қарап таңдап алатын критерийлер бар ма?
Резиденттерді таңдауда біз үнемі жаңа бастаған кезімізде жасалған үш негізгі критерийге арқа сүйенеміз, олар: эксперименттілік, өзектілік және жаңа есімдер. Біздің резиденттеріміздің қатарына ену үшін барлық осы критерийлерге сай болу керек. Біз көптеген мәдени жобаларға қолдау танытамыз, алайда тұрақты резиденттер қатарынан он ұжымды атай аламыз. Бұл біздің бағдарламада ай сайын жүретін жобалар. Бұл ұжымдар тек біздің алаңымызда ғана жұмыс істейді. Біз бір-біріміздің маңыздылығымызды түсінеміз, біздің құндылықтарымыз сәйкес келеді және біз бұл жобаларға өзіміздің алтын уақытымыз бен күш-жігерімізді салуға дайынбыз.
Бізге ендігі қалыптасып үлгерген, біздің алаңға өз қойылымдарын көрсету үшін ғана келетін жобалар да келіп жатады. Біз мұндай жобаларды «Трансформа қонақтары» деп атаймыз және міндетті түрде бағдарламада қонақ ретінде көрсетеміз, бұл жобаның толығымен және тұтастай бізде жүзеге асырылмағандығын білдіреді. Мұндай жобалар, әдетте, көрсетілім алдында бірнеше дайындық жасайды, біз оларға аз ғана уақыт жұмсаймыз, сондықтан оларды өзіміздің резиденттеріміз деп атай алмаймыз.
«Трансформа» қала тұрғындарын тәнті етті. Қалай ойлайсыз, неліктен?
Білесіз бе, бар болғаны өз жұмысыңды жасап жатқан кезде, кейде: жасап жатқан дүниеңнің адамдар үшін қаншалықты маңызды екенін ойлайсың. Бізге алаңымыздың жабылатындығын хабарлаған кезде, біздің кететініміз жайындағы жаңалықты ешкім елемейді-ау немесе тек біздің резиденттеріміз, тұрақты көрермендеріміз ғана елеп-ескеретін болады-ау деген қорқыныш болды. Ал өзгелері үшін жабылуымыз нені білдірмек? Алайда үлкен наразылық толқыны белең алғанда; адамдар бізге жазып, коворкинг басшылығына олар осыншалықты маңызды жобаны қолдан шығарып алғандарын жазған кезде; көптеген адамдар біз туралы білетінін және жақсы көретінін білген кезімізде, - біз «Трансформаға» бей-жай қарамайтын қоғамды көрдік. Олар бізге қолдау сөздерін жазып, қандай да бір алаңдарын, тіпті декорацияларымызды сақтауымыз үшін қоймалары мен гараждарын ұсынып жатты. Яғни, біз адамдар үшін «Трансформа» өзіміз ойлағаннан әлдеқайда маңызды екенін көрдік. Бұл жағдай одан әрі ілгерілеуімізге шабыт берді.
Неліктен адамдар «Трансформаға» тәнті болды? Өйткені біз тәуелсіз ұжымдарға өздері қалағанын жасауға мүмкіндік берген жалғыз адамдармыз. Біреу талап еткен, қандай да бір актілерде жазылып қойған нәрсе емес. Бізде ешқандай мемлекеттік тапсырыс жоқ, бізде толық шығармашылық еркіндігі. Біз резиденттеріміз болып табылатын адамдарға сенеміз, олардың талғамына сенеміз, біз бір толқындамыз. Біз мұны не үшін жасап жатқанымызды түсінеміз және маған көрермендер де мұны сезінетіндей болып көрінеді. Әдетте көрермендер нақтылы бір жобаға емес, бар болғаны бұл «Трансформа» болғандықтан келіп жатады. Қазақстанның бірде-бір жерінде түрлі шығармашылық контенттің осындай шоғырлануы жоқ! Біз түбегейлі әртүрлі бағыттармен: музыкамен, театрмен және алуан түрлі: инклюзивті, пластикалық, нәресте театры, эксперименталды партисипативтік театрмен айналысудамыз. Бізде көптеген бағыттар мен түрлі аудитория бар.
Әлеуметтік кәсіпкерліктің артықшылықтары мен кемшіліктері жайында айтып беріңізші.
Елімізде әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысу оңай деп өтірік айтпаймын. Жоқ. Мұнымен айналысуға болады, алайда қиын. Әрине, барлық бастамаларға қолдау көрсететін мемлекетпен жайлы диалогта жұмыс істеу ыңғайлы болар еді, бірақ, өкінішке орай, әзірге ондай жоқ. Мен көптеген тәуелсіз театрлардың саналы түрде мемлекетпен жұмыс істегісі келмейтінін білемін. Біріншіден, жөнсіз бюрократия бар. Екіншіден, олар егер іс жүзінде барлық жұмысты алаңның өзі орындайтын болса, ынтымақтастықтың мәні неде екенін түсінбейді.
Бірақ мемлекетпен жұмыс істеу зор болашаққа жол ашады. Өзіңіз ойлаңызшы: театрларға (әсіресе тәуелсіз) баратын Алматының аудиториясы іс жүзінде аз. Бір сәтте қатты айтқанда, өзің одан әрі де ойнап, көрсетуді қалайтын нақтылы бір жобаға келетін көрерменнің таусылғанын түсінесің. Алайда бұл жобамен басқа қалаларға шығу мүмкін емес. Бір жобаны бір жерге алып шығу үшін жатып-тұруыңа, декорациялар мен костюмдерді тасымалдауға, билеттер мен тағы басқаларына бірнеше миллион қажет. Мұны ешбір тәуелсіз жоба көтере алмайды, қолдау болмаса мұны жасау мүмкін емес. Ал егер мемлекеттік негізде грант, мысалы, әлемдік театр қауымдастығы мойындаған фестивальге бару үшін грант берілсе - қазақстандық театр ұжымы жайында шетелде білетін еді. Әлемнің мінсіз көрінісінде - біз мемлекеттің қолдау танытуымен тәуелсіз ұжымдарды дамытып жатқан мәдени орталыққа айналуымыз керек.
Осы жылы «Мәдениет саласындағы әлеуметтік кәсіпкерліктің үздік үлгісі» ретінде премия алдыңыздар. Ол қанағаттану сезімінен басқа, қандай да бір артықшылықтар берді ме?
Ия, біз «Мәдениет саласындағы әлеуметтік кәсіпкерліктің үздік үлгісі» ретінде премия алдық, ол үшін де белсенді түрде дауыс берген аудиториямызға үлкен алғыс білдіремін. Біз 500 мың теңге көлемінде грант алдық. Өкінішке орай, біз карантин кезінде қатты зардап шектік, өйткені ақша табатын мүмкіндігіміз болмады және жалдау ақысын төлеуіміз керек болды. Нәтижесінде осы грант бізді тығырықтан шығарды. Егер бізде бұл ақша болмағанда не істер едік, білмеймін. Шын мәнінде, біз қарызымызды грант есебінен және осындай жағдайға деп қалдырылып қойған, бізге бей-жай қарамайтын әйел-меценаттың қаражаты есебінен жауып тастадық.
Жақын арада «Трансформа» мәдени кеңістігінің үй-жайсыз қалғандығы жазылған болатын. Жаңа орын таба алдыңыздар ма?
Дәл осы сәтте біз белсенді түрде кеңістік іздеп жатырмыз. Негізінен, бізге ұнаған нұсқалар бар, бірақ әзірге келіссөздер жүріп жатыр. Біз «өз» орнымызды іздеу үстіндеміз. Біздің жеке алаңымыз болуы керек, себебі біздің көптеген жобаларымыз нақты орынға байланысты. Мысалы, біздің инклюзивті зертханамыз бар. Ментальді даму ерекшеліктері бар балалар апта сайын жиналып, жаттығып жатады, жаңа жобалар жасайды. Олар үшін өздері орнығып, көп санды декорациялары мен реквизиттерін қалдыра алатын тұрақты орынның болғаны өте маңызды. Олар бұл жер өз-өздерін көрсете алатын өз үйлері, кеңістігі екеніне сенімді болуы керек. Олар сценография тұрғысынан алғанда өзіне тән ерекше, өте күрделі жандар және оларды жаңа орынға бейімдеу қажет, сондықтан бізге қалай болғанда да өз алаңымыз қажет. Біз олар үшін жауапкершілікті сезінеміз.
Бізде жобаларын дайындау үшін көп уақыт қажет етілетін тұрақты резиденттер бар. Менің бөтен алаңға келіп, күндіз-түні дайындық жасай алатындығымызға күмәнім бар, ал бізге жаттығу үшін 24/7 қолжетімділік қажет. Коммерциялық тұрғыдан бұл ешкімге пайдалы болмайды. Алайда қаланың әртүрлі жерлерінде қызықты әртүрлі жобалар жасау – біздің қазіргі уақыттағы бағыттарымыздың бірі. Біздің осымен айналысқымыз келеді, әртүрлі аумақтарды дамытып, Алматының бұрыш-бұрышында театр жасауға болатынын дәлелдегіміз келеді.
«Трансформа» мәдени кеңістігінің жоспарында не бар?
Жалпы алғанда, біз жұмысты жалғастырып жатырмыз, орын іздеу процесін бір күнге де тоқтатпадық та, аяқтамадық та, әлеуметтік желілер парақшаларымызда контентті жаңартып отырамыз, біз жайында ұмыт болмауы үшін бір нәрсе жасауға тырысамыз, өйткені біз жоғалып кетпеуіміз керек. Олай болмаған жағдайда, бұл қала мен жалпы ел үшін өте үлкен шығын болмақ.
Қазір біз 2021 жылдың 21 қазанында жаңа сахнада тұрып, бесінші маусымды ашып жатқанымызды айту үшін бәрін жасаудамыз. Ол орын алуы тиіс, болуы керек. Жалпы алғанда, жоспар мынадай: біз орынды анықтап аламыз, краудфандингті бастаймыз (арнайы алаңда қаражат жинау – ред. ескерту), жөндеу жұмыстарын жүргіземіз, жабдықтар сатып аламыз да, жаңа күш-жігермен жаңа жобаларды жүзеге асыруға кірісеміз. Әр істің өз қайыры бар! Бәрі керемет болатынына және біз күзде жаңа күш-қуатпен оралатынымызға сенімдімін!