Ляззат Алшинова: «Мен өзімнің әлеуметтік жобаларыма жанымды саламын және олармен шабыттанамын»

«Замандас 21» қорының (https://www.instagram.com/zamandas21/) директоры - Ляззат Алшинова адамдардың бақытты жүзін көруді қалайды. Оны қалап қана қоймайды, әрекет етеді – аула клубтарын дамытады. Ауладағы отбасы клубтары - бұл балалардың және олардың ата-аналарының тәрбиесі мен үйлесімді дамуы достық атмосферада жүзеге асырылатын бақыт аймағы, жұмыс барысында қазіргі қиын шақта аса қажет болатын басқа да әлеуметтік жобалар дүниеге келеді.


Ляззат Елюбаевна, «Отбасылық аула клубы – балалар мүддесіндегі қозғалыс» жобасының тұжырымдамасы туралы айтып беріңізші.


Жобаның мәні мен тұжырымдамасы - көп балалы және толық емес отбасылар, мүгедек балалары немесе ата-анасы бар отбасылар, материалдық қиындықтарға тап болған отбасылар, сондай-ақ өмірдегі қиын-қыстау жағдайға тап болған барлық отбасылар кіретін, әлеуметтік тұрғыдан осал отбасылардан шыққан балалар мен жасөспірімдерді қолдау болып табылады. Менің басынан бастап-ақ дәл осындай отбасылардан шыққан балаларға қолдау көрсеткім келді, өйткені еліміздегі әрбір бала толыққанды, жан-жақтылы тұлға болып өсуі үшін қосымша білім алуға қол жеткізе білуі керек. Отбасылар өмірдегі қиын-қыстау жағдайға тап болса да, бұл балалардың құқықтары мен мүмкіндіктеріне нұқсан келтірмеуі тиіс. Жобаның мәні - барлық баланың дамуы үшін тең мүмкіндіктер беру.


Біздің аула клубтарымыздың басты айырмашылығы - біз өз жобамызға бүкіл отбасын тартамыз. Біз отбасы үйлесімді және балада бақытты балалық шағы болуы үшін ата-аналар да ақпарат алып, дамуы керек екенін түсінеміз. Ол үшін «Бақытты отбасы» клубының қызметтері қарастырылған. Бізге балаларын әкелетін барлық ата-аналарға біздің психологиялық қызметіміздің мамандарымен жұмыс істеуді ұсынамыз. Тұжырымдамамыздың мәні - тұтастай отбасын қолдаудан тұрады.


Бірінші кезеңде отбасы жобаға кіріп, қолдау алады. Екінші кезең – бұл даму, ол кезде отбасылар клубтарда, курстарда, секцияларда біздің қызметтерімізді ала бастайды. Отбасының барлық мүшелері дамиды, біздің тұжырымдамамызға сүйене отырып, отбасы нығаяды. Яғни, жұмысымыздың нәтижесі – бақытты қазақстандық отбасы. Міне, 10 жыл бойы біз мұның қалай жүретінін бақылап, нәтижелеріне қуанып келеміз.


Біз өзінше бір шағын-хаб болып табыламыз. Біз әлеуметтік тұрғыдан осал болып саналатын отбасын қарастырып, оны өз жобамызға қабылдаған кезде, кей-кейде отбасына тіпті тамақ, балалар киімі секілді негізгі заттардың өзі қажет екенін көреміз. Осыған байланысты біз жаңа оқу жылы қарсаңында балаларды дайындауға көмектесіп, «Мектепке жол» шағын жобасын, «Жылы қыс» жобасын өткіземіз, соңғысының аясында балаларға аяқ киім, күршете және басқа заттарды сатып аламыз. Бұл көмекті біз көп жылдан бері көрсетіп келеміз.


Пандемия басталған кезде біз серіктестеріміз болып табылатын «Rotary club of Astana» ҚБ бірге көп балалы отбасынан шыққан балаларды қашықтықтан білім алуға қажетті барлық заттармен қамтамасыз ету үшін фандрайзинг жариялап, ұсталған техниканы жинай бастадық. Тіпті жаңа смартфондар мен ноутбуктерді сатып алып, бізге әкеліп берген адам да болды.


Пандемиядан бұрын жаз кезінде балалар бізге жазғы лагерьге келе алатын еді. Олар екі апта демалып, күніне үш рет тамақтанды, қала бойынша экскурсияға шықты. Сонымен қатар, бізде 5 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан, балалар хоккей аула лигасы бар. Яғни, отбасылық аула клубының құрамында осындай кішкентай шағын-жобалар бар, олар мен кейінге қалдырмай шешуді талап ететін жаңа мәселелерді көре білген кезімде, қажеттілігіне қарай дүниеге келіп отырды.


Клубтарда қанша бала айналысады?


Осы сәтте астанада біздің 5 аула клубымыз жұмыс істеп тұр, оларға шамамен 2500 бала келіп жүр. Үш клуб негізгі, үлкен клубтар. Оларға арналған  үй-жайларды біз Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінен сенімгерлікпен басқаруға алдық, бір клуб қала шетіндегі кітапхана базасында ұйымдастырылды. Біз кітапханамен меморандумға қол қойдық, қазір ол жерде 250-ге жуық бала жеті үйірмеге қатыса алады. 49-шы мектеп базасындағы тағы бір клубқа шамамен 300 бала келіп жүр, бұл Лесозавод ауданында. Біз әдейі әлеуметтік тұрғыдан осал халық тұрып жатқан аудандарды таңдап аламыз.


Тамыз айында біз бұрын Чугунка деп аталған аудандағы 55-ші мектеп базасында орналасқан алтыншы клубымызды ашатын боламыз, бұл да қаланың шет жағы. Қазірдің өзінде онда 300-ден астам бала келуге дайын. Қыркүйек айына қарай біздің аула клубтарымызға 3000-нан астам бала келетін болады.


Жаңа жобаларды құру жоспарлануда ма?


Біз қазір Бөгенбай, 52 мекенжайы бойынша орналасқан балалар-жасөспірімдер кітапханасының базасында жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, ол жерден жасөспірімдер мен жастарға арналған коворкинг-орталық ашпақпыз. Өткен он жыл ішінде біздің тәрбиеленушілеріміз өсіп, оларды одан әрі дамыту қажеттілігі туындады. Олардың бір бөлігі ендігі колледж студенттері, алайда әлі күнге дейін Интернетке қол жеткізуде қиындықтар кешуде, ноутбуктері немесе компьютерлері де жоқ. Содан біздің олар оқып, жұмыс істеп, қарым-қатынас жасай алатын кеңістік құрғымыз келді. Коворкинг-орталықтың ашылуын тамыз айының соңына жоспарлап отырмыз. Бұл жасөспірімдерге арналған Қазақстандағы алғашқы жоба болуы да мүмкін. Біздің осы кеңістікке жасөспірімдермен өз тәжірибесімен бөлісе алатын қызықты, табысты адамдарды, бизнесмендерді шақырғымыз келеді. Орталықтың психологтарымен консультациялар өткізілетін болады, еріктілерді дайындау жағын және көптеген басқа да дүниелерді жоспарлап отырмыз.


Аула клубтары қандай үйірмелер мен секцияларды қамтиды?


Ендігі айтылып өткендей, біздің мақсатты топ - өмірдегі қиын-қыстау жағдайға тап болған отбасылар. Сонымен қатар, бізде ақылы қызметтер де қарастырылған. Бізде айналысқысы келетіндер үшін бағалар айтарлықтай төмен, орташа ауқаттылыққа есептелген. Айталық, робототехника бүгінгі таңда бізде 10 мың теңге тұрады және бұл ең қымбат үйірме. Ағылшын тіліне 8 мың теңгеге келуге болады. Басқа да үйірмелер: техникалық, шығармашылық, спорттық үйірмелер, сондай-ақ түрлі курстар бар. Шығармашылық үйірмелер - бұл арт-терапия, хореография, театр үйірмесі, халықтық қолданбалы өнер үйірмесі, сондай-ақ музыкалық үйірмелер – вокал, домбыра, гитара. Спорт секциялары қатарынан - таэквондо, қоян-қолтық ұрыс, каратэ, бокс, сколиоздың алдын алу жөніндегі «Сау бол!» үйірмесі бар. Қазақ және ағылшын тілдері курстары бар, сонымен қатар бізде еріктілер негізінде корей және испан тілдері оқытылады. Бізде авиамодельдеу, шахмат, тоғызқұмалақ, асық ату, «Жас техник» те бар – барлығы шамамен 25 үйірме.


Клубтардың жұмысы соны негізге алған төрт «Д» қағидасы жайында айтып беріңізші.


Төрт «Д» қағидасын мен бұрын өзім жұмыс істеген, жастарға мейірімді клиника жобасынан алдым. Маған осы төрт қағида қатты ұнайды және бізге сай келетіндіктен мен оларды жұмыста ұстанамын. Бірінші «Д» - қолжетімділік, өйткені әлеуметтік тұрғыдан осал отбасылардан шыққан балалар секциялар мен үйірмелерге тегін келіп, қатыса алады. Екінші «Д» - еріктілік, яғни олар өздері келеді. Үшінші «Д» - мейірімділік. Бұған біз баса назар аударамыз, өйткені егер балаларға мейірімді қарым-қатынас болса, біз төртінші «Д» - сенімге қол жеткіземіз.


Балалардың оңтайлы дамуына қажет болатын, сонымен қатар бәріміз үшін де маңызды тағы үш негізгі аспект бар, бұл – көңіл бөлу, қамқорлық және махаббат. Біздің міндетіміз - балалар үшін қауіпсіз және жайлы ортаны құру. Егер оларға көңіл бөліп, қамқорлық танытсақ және мұның бәрін сүйіспеншілікпен жасасақ, біз міндетті түрде балалар мен жасөспірімдерден кері байланысқа қол жеткіземіз. Олар дамып, өз дарындарын аша түседі.


«Нағыз ерлер мектебі» жобасы жайында айтып беріңізші. Оны құру идеясы қалай пайда болды?


«Нағыз ерлер мектебі» жобасы 2018-2019 жылдары пайда болды. Мен ендігі айтып кеткенімдей, толық емес отбасылар да біздің бенефициарымыз болып табылады -  бұл көбіне-көп балаларын әкесіз тәрбиелеп отырған аналар. Жасөспірім ұлдары бар аналар тәрбие беру жағынан қиындықтарға тап болады, өйткені ұлдарға ер адамның көңіл бөлгені, ер адамның тәрбиесі мен ер адамның бойынан табылатын дағдылар қажет, ал анасы оны бере алмайды. Біз әкесіз тәрбиеленіп жатқан балаларымыздың ер бапкерлерге жақын болатынын, олармен бірге болған ұнап, кеңестерін тыңдағанды жақсы көретінін байқадық. Біз балаларды тәрбиелеуге ерлерді қалай тартуға болатындығын ойластырдық.  Осы кезде жасөспірім ұлын тәрбиелеп отырған, ЮНИСЕФ балалар қорында жұмыс істейтін Гульназ Куликеева келіп қалды. Ол өз идеясын ала келді, содан екеуміз бірге аналары тәрбиелеп отырған ұлдарға арналған «Нағыз ерлер мектебі» жобасын жасап шықтық. Жоба өте танымал болды, оған ерікті ер адамдар қатысты. Мысалы, балаларды қырынуға, ұстара құралдарын қолдануға үйреткен барбер болды, өзін-өзі қорғау дағдыларын үйреткен жаттықтырушылар мен спортшылар болды. «Нағыз ерлер мектебінен» шыққан көптеген ұлдар бізге аула клубтарына оқуға келді. «Нағыз ерлер мектебі» - бұл керемет жоба, сондықтан біз оны жақын арада, пандемия аяқтала салысымен міндетті түрде қайта жандандырамыз, өйткені ол маңызды және қажет.


«Мария» әлеуметтік шеберханасы қалай пайда болды?


Біздің отбасылық аула клубтарымызға көп жылдар бойы балаларымен отырып, біліктілігін жоғалтып алған аналар келді. Күні бойы жұмыс істей алмайтын, көп дегенде 3-4 сағат жұмыс істеуге мүмкіндігі бар, мүгедек балалы аналар болды. Мен әйел әйелге қолдау танытуы керек деген қағиданы ұстанамын. Мен оларға ақша табуға мүмкіндік беру жағын ойластырдым, содан тігін шеберханасын құру, оларды мамандыққа үйрету идеясы туды.


Мен АҚШ елшілігіне грантқа өтінім бердім, оны жеңіп алып, аналарға арналған шеберхананы жабдықтадым. Біз шамамен 70 әйелді оқыттық, қазір шеберханада жеті адам жұмыс істейді. Олар үш жыл бұрын келген болатын, әлі күнге дейін жұмыс істеп жүр. Қалған әйелдер не аутсорсте, не өзінің ЖК-сын ашып алған, енді бірі жай ғана өз отбасына арнап тігіп жүр. Алайда әйелдердің әрқайсысы бұл дағдыны бізден меңгеріп шықты, мен соған қатты қуанамын. Мүлдем басқа кәсіпті игерген әйелдердің тігін ісін нөлден бастап үйренгенін көргеніме қуанамын, ал бүгінгі таңда олар «Мария» шеберханасында керемет заттар тігуде.


Сонымен қатар, биыл мен клининг компаниясын құрдым, онда негізінен біздің көп балалы аналарымыз жұмыс істейді. Біз клинингте қосымша ақша тауып, күнделікті нан-шайын айырып тұруды қалайтын әйелдерімізді оқытамыз. Жалпы айтқанда, тағы бір әлеуметтік бағыт қосылды.


Неліктен әлеуметтік жобалар қызығушылығыңызды тудырды?


Өзің бақытты болған кезде, қолыңда барыңмен басқалармен бөлісу керек. Егер білімің, мүмкіндіктерің мен басқаларға көмектесуге деген ниетің болса – оны істеу керек. Көптеген адамдар мені өзімде бір жағдай болғандықтан әлеуметтік жобалармен айналысып жүр деп ойлайды. Әдетте адам бұл салаға өз өмірінде балалары ауырған, болмаса өзі мүгедек болса немесе қиын жағдайға тап болған жағдайлар секілді қиын кезең болғандықтан барады емес пе. Алайда өзің бақытты, өміріңде бәрі жақсы болып тұрса да, жаның айналаң толы бақытты адамдарды көріп жүруді қалайтын жағдайлар да болады. Бірде менде де солай болды. Менің айналамдағы балалардың бақыт тұнған көздерін, адамдардың бақытты жүздерін көргім келеді, айналамда бақыт кеңістігін құруды қалаймын. Ол менің қолымнан келеді және мен оны жасаймын! Менің отырып алып, мемлекетті, үкіметті, басқа біреуді сөз еткім келмейді, диванға жатып алып, бәрінің жаман болып жатқанын күңкілдеп отыруды қаламаймын. Мен ондай адам емеспін. Мен үшін басты ұран - әрекет ет! Менің балаларға арналған бақыт аймағын құрғым келеді, өйткені қоғамның, мемлекеттің басты құндылығы – ол балалар. Мен өзімнің әлеуметтік жобаларыма жанымды саламын және олармен шабыттанамын, содан бақытқа бөленемін.

Өтінім сәтті жіберілді
Сіздің сұрағыңыз сарапшыға жіберілді
Сіздің бизнес карточкаңыз модерацияға жіберілді. Тексеруден кейін поштаңызға хабарлама келеді.
Түсінікті
Ваша карточка бизнеса отправлена на модерацию. После проверки Вы получите уведомление на почту.
Түсінікті
Сіздің өтініміңіз модерацияға жіберілді және модератор тексергеннен кейін белсенді болады. Ол туралы поштаңызға хабарлама келеді
Сіздің өтініміңіз модерацияға жіберілді, модератор тексергеннен кейін деректер жаңартылады. Ол туралы поштаңызға хабарлама келеді
Captcha қателігі. Парақшаны қайта жүктеп, әрекетті қайталап көріңіз